Cyber4CA халықаралық тренингінің кезекті күні киберқауіпсіздік саласындағы практикалық білім беруге арналды

Испанияның Мадрид қаласындағы Мадрид политехникалық университетінде өтіп жатқан Cyber4CA жобасы аясындағы профессор-оқытушылар құрамына арналған халықаралық тренингтің кезекті күні киберқауіпсіздік білімінде практикалық тәсілдерді дамыту мәселелеріне арналды.

Оқу сессияларын Румынияның National University of Science and Technology POLITEHNICA Bucharest университетінің сарапшылары жүргізді. Тренинг барысында жоғары оқу орындарында IoT және бұлттық технологиялар қауіпсіздігін оқыту, киберқауіпсіздік білімінде федеративті оқыту әдістерін пайдалану, сондай-ақ аномалиялық жағдайлар мен кибершабуылдарды анықтауға арналған практикалық зертханалық сабақтарды ұйымдастыру мәселелері қарастырылды.

Сонымен қатар қатысушылар фишингтік хабарламаларды анықтау және талдау, электрондық пошта хабарламаларының техникалық тақырыптарын зерттеу, киберинциденттерді бастапқы бағалау, оларды сұрыптау және жедел әрекет ету бойынша практикалық сабақтарға қатысты.

Сессиялар барысында киберқауіпсіздік бойынша заманауи оқу бағдарламаларын әзірлеу, оларды практикалық сабақтармен толықтыру және білім беру үдерісін цифрлық еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкестендіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Тренинг қатысушыларға алған білімдері мен практикалық тәжірибесін өз жоғары оқу орындарында қолдану, зертханалық сабақтарды жетілдіру және заманауи оқыту әдістерін енгізу мүмкіндіктерін бағалауға жағдай жасады.

Күн соңында интерактивті талқылау және сұрақ-жауап сессиясы ұйымдастырылып, қатысушылар киберқауіпсіздік білімін одан әрі дамыту бойынша өзара тәжірибе алмасты.

Аталған тренинг Еуропа мен Орталық Азияның жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, практикалық білімді кеңейтуге және киберқауіпсіздік білімінің сапасын арттыруға ықпал етуде.

Comments

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *