Испанияның Мадрид қаласындағы Мадрид политехникалық университетінде Cyber4CA жобасы аясында өтіп жатқан профессор-оқытушылар құрамына арналған халықаралық тренингтің үшінші күні киберқауіпсіздік бойынша практикалық зертханаларды дамытуға, пәнаралық білім беруді жетілдіруге және жоғары оқу орындарында CyberLab инфрақұрылымын қалыптастыруға арналды.
Оқу сессияларын Италияның Scuola Superiore Sant’Anna университетінің сарапшылары өткізді. Бағдарлама заманауи интеллектуалдық жүйелерге арналған киберқауіпсіздік білімін дамыту, осы үдерістегі пәнаралық ғылыми зерттеулердің рөлі және Пиза инновациялық экожүйесінің тәжірибесі жөніндегі таныстырылымнан басталды.

Тренингтің практикалық бөлімінде қатысушылар киберқауіпсіздік бойынша зертханалық жаттығуларды әзірлеу, іске қосу және білім беру үдерісіне енгізу кезеңдерімен танысты. Сабақтар қатысушыларға ұсынылған тәжірибелерді өз жоғары оқу орындарында қайталап қолдануға және оларды қолданыстағы оқу бағдарламаларына бейімдеуге мүмкіндік беретін форматта ұйымдастырылды.
Сонымен қатар киберқауіпсіздік пен криптографияның негізгі қағидаттары, зертханалық тәжірибелерді ұйымдастыру және теориялық білімді практикалық сабақтармен ұштастыру мәселелері қарастырылды. Зертханалық тәжірибелер сабақ барысында тікелей орындалып, қатысушыларға оларды өз бетінше орындау мүмкіндігі берілді.

Күннің негізгі бағыттарының бірі магистратура деңгейіндегі киберқауіпсіздік бағдарламаларына арналған бастапқы CyberLab моделін әзірлеу болды. Интерактивті сессия барысында қатысушылар зертхананың мақсаттарын, техникалық инфрақұрылымын, басым бағыттарын, білім беру үдерісіндегі міндеттерін және оны кезең-кезеңімен дамыту мәселелерін талқылады.
Топтар әзірлеген CyberLab модельдері таныстырылып, оларды іске асырудың басымдықтары, қолданыстағы шектеулер, техникалық талаптар және ықтимал тәуекелдер бойынша пікір алмасылды. Бұл жұмыс жоба серіктестеріне өз университеттерінің мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, практикалық киберқауіпсіздік зертханаларын құру жөніндегі бастапқы тұжырымдамаларды әзірлеуге мүмкіндік берді.

Күн соңында өткен талқылау және сұрақ-жауап сессиясында практикалық киберқауіпсіздік білімін дамыту, зертханалық сабақтарды магистратура бағдарламаларына енгізу және алынған тәжірибені серіктес жоғары оқу орындарында қолдану перспективалары қарастырылды.
Аталған тренинг Cyber4CA жобасы аясында халықаралық тәжірибеге негізделген заманауи әрі практикалық бағыттағы киберқауіпсіздік білімін дамытуға, сондай-ақ Орталық Азия университеттерінде CyberLab зертханаларын құруға қажетті білім мен дағдыларды қалыптастыруға ықпал етуде.

Добавить комментарий