Cyber4CA жобасы аясында Мадрид қаласында ұйымдастырылған профессор-оқытушылар құрамына арналған халықаралық тренингтің алғашқы күні қатысушылар Мадрид политехникалық университетіне — Universidad Politécnica de Madrid және оның Телекоммуникация инженерлерінің жоғары техникалық мектебіне барды.
Сапар барысында жоба қатысушылары университеттің академиялық ортасымен, білім беру инфрақұрылымымен, заманауи зертханаларымен, сондай-ақ киберқауіпсіздік саласындағы білім беру және ғылыми-зерттеу қызметін қолдайтын техникалық мүмкіндіктерімен жан-жақты танысты. Университет өкілдері киберқауіпсіздік бойынша білім беруді ұйымдастыру, теориялық білімді практикалық зертханалық сабақтармен ұштастыру, виртуалды орталар мен заманауи технологиялық құралдарды пайдалану жөнінде ақпарат ұсынды.

Аталған сапар қатысушыларға киберқауіпсіздік саласында мамандар даярлауда қолданылатын озық тәсілдерді зерделеуге, білім беру мен ғылыми зерттеулердің өзара ықпалдастығын бақылауға және осы тәжірибелерді серіктес университеттердің оқу үдерісіне бейімдеу мүмкіндіктерін қарастыруға жағдай жасады. Сонымен қатар жоба серіктестері практикалық білім беруді дамыту, CyberLab зертханаларын құру және академиялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері бойынша пікір алмасты.
Сапардың ерекше маңызға ие бөлігі ұлы энциклопедист ғалым Мұхаммед әл-Хорезмидің құрметіне орнатылған ескерткішке бару болды. Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми дүниежүзілік ғылым тарихында математика, астрономия, география және есептеу әдістерінің дамуына теңдессіз үлес қосқан көрнекті ғалым ретінде танылған.

Әл-Хорезмидің алгебра саласындағы ғылыми еңбектері бұл ғылымның дербес ғылыми бағыт ретінде қалыптасуына маңызды негіз қалады. Оның теңдеулерді жүйелі түрде шешуге арналған еңбектері Шығыс пен Батыстағы ғылыми мектептердің кейінгі дамуына зор ықпал етті. «Алгебра» терминінің өзі ғалымның әйгілі еңбегінде қолданылған «әл-жәбр» ұғымымен байланысты.
Бүгінгі таңда ақпараттық технологиялар, бағдарламалау, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік салаларында кеңінен қолданылатын «алгоритм» ұғымы да әл-Хорезми есімінің латындандырылған нұсқасымен тікелей байланысты. Алгоритмдер қазіргі заманғы цифрлық жүйелердің негізін құрайды және деректерді өңдеу, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу, қауіпсіздік тетіктерін құру және кибершабуылдарды анықтау үдерістерінде маңызды рөл атқарады.

Осы тұрғыдан алғанда, Мұхаммед әл-Хорезми ескерткішіне жасалған сапар Cyber4CA тренингінің ғылыми және символдық мазмұнын одан әрі байыта түсті. Ұлы ғалымның ғылыми мұрасы қазіргі киберқауіпсіздік, компьютерлік ғылымдар және цифрлық технологиялардың тарихи негіздерін көрсетеді. Оның ғылыми ойлау жүйесі, нақты есептеу әдістері және жүйелі тәсілі қазіргі инновациялық технологиялардың дамуында да өзектілігін сақтап келеді.
Аталған академиялық және мәдени-ағартушылық сапар тарихи ғылыми мұра мен заманауи технологиялық білім берудің арасындағы тығыз байланысты тағы бір рет айқындады. Бұл сапар қатысушыларға университет инфрақұрылымын зерттеумен қатар, Орталық Азиядан шыққан ұлы ғалымның әлемдік ғылымға қосқан үлесін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.






