Cyber4CA халықаралық тренингі аясында жобаның жұмыс пакеттерін іске асыру мәселелері талқыланды

Испанияның Мадрид қаласындағы Мадрид политехникалық университетінде Cyber4CA жобасы аясында өтіп жатқан профессор-оқытушылар құрамына арналған халықаралық тренингтің кезекті кезеңі консорциум отырысына және жобаның негізгі жұмыс пакеттерін үйлестіре іске асыру мәселелеріне арналды.

Отырыс барысында жоба серіктестері жобаны басқару және үйлестіру, қаржылық үдерістер, киберқауіпсіздік бағытындағы білім беру бағдарламаларын талдау және дамыту, сондай-ақ құзыреттер мен оқыту нәтижелерін айқындау бойынша атқарылған жұмыстарды қарастырды.

Талқылаулар барысында Орталық Азиядағы серіктес жоғары оқу орындарында жүзеге асырылып жатқан киберқауіпсіздік білім беру бағдарламаларының қазіргі жағдайына, оларды заманауи талаптарға сәйкес жетілдіруге және жоба аясында әзірленіп жатқан жаңа оқу курстарымен ықпалдастыруға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар білім беру бағдарламаларының мазмұнын еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкестендіру, нақты құзыреттер мен оқыту нәтижелерін қалыптастыру мәселелері бойынша пікір алмасылды.

Консорциум отырысының маңызды бағыттарының бірі CyberLab зертханалары мен киберқауіпсіздік орталықтарын құруға байланысты қызметтерді талқылау болды. Осы бағытта зертханаларға қажетті техникалық жабдықтарды сатып алу және орнату, практикалық сабақтарды ұйымдастыру, сондай-ақ тиісті инфрақұрылымды кезең-кезеңімен дамыту мәселелері қарастырылды.

Бұдан бөлек, жоба аясындағы сапаны қамтамасыз ету және мониторинг тетіктері, ішкі және сыртқы бағалау рәсімдері, сондай-ақ жобаның нәтижелерін жүйелі бақылау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар талданды. Жоба қызметін кең аудиторияға жеткізу, ресми веб-сайт пен әлеуметтік желілерде жариялау, ақпараттық және жарнамалық материалдар дайындау, сондай-ақ жоба нәтижелерін тиімді пайдалану және кеңінен тарату мәселелеріне де назар аударылды.

Практикалық жұмыс сессиясы барысында серіктес ұйымдардың өкілдері өз жоғары оқу орындарына оралғаннан кейін профессор-оқытушылар мен мамандар үшін өткізілетін практикалық тренингтердің бастапқы жоспарларын әзірледі. Бұл жоспарлар бағдарлама барысында алынған білім мен тәжірибені жергілікті деңгейде таратуға, киберқауіпсіздік саласындағы практикалық білім беруді дамытуға және жоба нәтижелерінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Аталған консорциум отырысы жоба серіктестері арасындағы міндеттерді үйлестіру, атқарылған жұмыстарды талдау және алдағы басым бағыттарды айқындау үшін маңызды алаң болды. Ол Cyber4CA жобасының негізгі мақсаттарына қол жеткізуге, киберқауіпсіздік білімін жетілдіруге және Орталық Азиядағы серіктес университеттердің институционалдық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.

Comments

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *